Алматы облыстық Полиция Департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктіге аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу және сақтау бойынша айып тағылды.
Талғар ауданындағы ауылдардың бірінде Алматы облысы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 54 жастағы С. атты азаматтан салмағы 54.65 грамм «гашиш» есірткі заты деп танылған зат сатып алынды. Аталған факті ҚР ҚК-нің 297-бабы 1-бөлігі «есірткі заттарын ірі мөлшерде заңсыз өткізу»бойынша СДТБТ-де тіркелді.
Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында, тұрғылықты жерін тінту кезінде күдікті өз еркімен өзіне тән иісі бар өсімдік тектес жасыл түсті ұсақталған заты бар 4 полиэтилен пакет берді.
Бұдан басқа, «Арчибальд» қызметтік-іздестіру итінің көмегімен негізгі ғимаратқа жапсарлас құрылыстардан жедел уәкілдер ұқсас заты бар екі пластмасса бөшкелерді тапты. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат есірткі болып табылады. Марихуананың жалпы салмағы 2 кг.385 грамм.
Аталған факті ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі бойынша СДТБТ-де тіркелді. «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз аса ірі мөлшерде заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау». Осы аталған баптың санкциясы үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.