Алматы облысында ірі жол апатында екі адам қаза болып, алтауы ауруханаға жеткізілді
16:22, 30 Наурыз 2013
ТАЛДЫҚОРҒАН. 30 наурыз. ҚазАқпарат - Алматы облысы Ұйғыр ауданында Шонжы-Ақсу автожолының 12-ші шақырымында ірі жол апаты болды.
«Тойота-Камри» мен «Мазда-626» автокөліктері соқтығысып, салдарынан екі адам көз жұмды, тағы алтауы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, жол-көлік оқиғасы «Тойота-Камри» көлігі жүргізушісінің кінәсінан болды. Ол жоғары жылдамдықпен келе жатқан машинаға ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып, «Мазда-626»-мен бетпе-бет соқтығысты.
Екі автокөліктің жүргізушісі де оқиға орнында қайтыс болды. Олардың алты жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің бірінің жағдайы тұрақты ауыр болып қалуда, қалғандарының жағдайы қанағаттанарлық.