Алматы облысында қақпанмен қарақұйрық аулаған браконьер ұсталды
19:27, 03 Қыркүйек 2018
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының Балқаш ауданының аумағында қарақұйрық аулаған браконьер ұсталды. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«31 тамызда сағат 21:00-дер шамасында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары Алматы облысы Балқаш ауданының аумағындағы Береке ауылдық округының маңында атпен кетіп бара жатқан К.Б. (1945 ж.т.) азаматты ұстады. Оның қанжығасынан қарақұйрықтың жарты еті алынды», - делінген хабарламада.
Ауыл тұрғынының айтуынша, ол аңды қақпан мен тұзақ құру арқылы ұстаған.
Аталған факты бойынша Балқаш аудандық ІІБ-де ҚР ҚК-нің 339-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.