Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 25 қаңтарда кешкі 18 сағат 28 минутта, Алматы облысы ТЖД-ның кезекші бөліміне Кербұлақ ауданы Сарыөзек - Көктал тас жолының Алтынемел өткелінде бірнеше жолаушы автобусы қар құрсауында қалғаны туралы ақпарат келіп түскен. Хабарлама түскен бойда қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқару үшін Алматы облысы ТЖД Жедел құтқару жасағының 5 құтқарушысы және 1 Нефаз автокөлігі шықты.
«Авариялық-құтқару жұмыстары нәтижесінде қар құрсауынан 121 адам және 10 автокөлік құтқарылды. Оның ішінде 2 - жолаушы автобусы, 1 - жолаушы автокөлігі және 7 - жеңіл автокөлік бар. Құтқарылғандардың арасында зардап шеккендер жоқ», делінген хабарламада.