Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында «Қарадала» халық театры ұлы Абайдың «Ескендір» қойылымымен шымылдығын ашты. Оған аудандық «Жазерке» және «Арзу» ұйғыр ансамбльдерінің өнерпаздары қатысып, поэманың сахналық нұсқасын шебер түрде сомдап шықты.
Қойылым соңында Алматы облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Марлен Көлбаев қарадалалықтарды құттықтады. Ал театр және кино әлемінің ақсақалы Тұңғышбай Жаманқұлов «Қарадала» театрына ақ батасын арнап, сахнада өнер көрсеткен бар өнерпазға Қазақстан театр қайраткерлері одағының Алғыс хатын табыс етті. Бекжан Тұрыс қарадалалықтар атынан театрдың ашылуына зор үлес қосқан Асқар Наймантаевқа тұлпар мінгізіп, Едіге Құныпияға шапан жапты.
Соңында сөз алған Асқар Әбдіғалымұлы Наймантаев Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың Алғыс хатын әртістерге табыстады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Талдықорған қаласына құрылғанына 60 жыл болған, аумалы-төкпелі кезеңде жабылып қалып, арада 23 жыл өткенде қайта ашылған бұрынғы Нарынқол, қазіргі «Ханнтәңірі» халық театрының шымылдығы ашылған болатын.