Алматы облысында карантин талабын бұзғандарға 82 млн теңге айыппұл салынды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында карантинді бұзғандарға 82 003 125 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір өңірде індетті жұқтырушылар саны күннен-күнге азайып келеді. Бірақ санитарлық талапқа бағынбайтындар әлі де бар.

«Коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында аудандар мен қалаларда қалалық полиция басқармасы мен жергілікті әкімдіктен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабының 1-бөлімі бойынша күнделікті рейдтік жұмыстар жүргізу үшін мобильді топ құрылды.

Мониторингтік топтың жұмысы барысында карантиндік шараларды сақтамаған жеке және лауазымды тұлғаларға 2021 жылғы 18 мамырға ішкі істер органдарынан барлығы 1152 материал келіп түсті. Бүгінгі күні ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабы 1-бөлімі бойынша жалпы сомасы 82 003 125 теңгеге барлығы 1003 хаттама жасалды.Оның ішінде ІІО материалдары бойынша-841, мобильді топтан-48 материал келіп түсті»,- делінген Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Айта кетейік, Алматы облысында қазір 350 нысан «Ashyq» жобасымен жұмыс істеуге көшкен. 14 сәуірден бастап аталған пилоттық жоба Талдықорған қаласында енгізілді. 26 сәуірде облыс бойынша жұмыс істей бастады.

«Қазір осы жоба бойынша 350 нысан жұмыс істеуде. Оның 254 – і жоба қатысушы болса, 96-сы тестілік режимде жұмыс істейді. Қосымша арқылы Талдықорған қаласында 29 сары және 31 қызыл, Панфилов ауданында 1 қызыл және 1 сары, Ескелді ауданында 1 сары вирус тасымалдаушысы анықталды»,- деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.