Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде ҚР ӘҚбК 476-бабының талаптары 107 мәрте бұзылғаны белгілі болды.
Төтенше жағдай тәртібін бұзуға жол берген 41 тұлға қамауға алынып, 46 азамат айыппұл арқалаған. Қалған құқық бұзушылар ескерту алумен шектелген.
Оның ішінде ең көп тіркелгені – 49 рет карантин аумағына кіруге немесе тыйым салынған аумақтан шығуға әрекет ету болып отыр. Аталған деректер бойынша ҚР ӘҚбК 476-бабына сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін хаттама толтырылған. Карантин және басқа да мiндеттi санитариялық-эпидемиологиялық iс-шараларды өткiзуге кедергі келтіргені үшін 33 хаттама жазылған. Сот шешімімен 27 тұлғаға айыппұл салынып, екі азамат әкімшілік қамауға алынған.
Құқықбұзушылықтарды анықтау бойынша Іле ауданының полицейлері 34 деректі әшкерелеп, Қарасай ауданында 26 дерек және Талдықорған қаласында 14 дерек тіркелгені белгілі болды.