Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қараша айының басында полицияға шойыннан құйылған кәріз қақпақтарының жаппай жоғалып жатқаны туралы арыз түсе бастаған. Тәртіп сақшылары, өз кезегінде, металл сынықтарын қабылдау орындарын тексеріп, күдікті тұлғаларды анықтау мақсатында жұмыс істейтін жедел тергеу тобын құрған.
«Жүргізілген іс-шаралар барысында қақпақтарды ұрлаумен және оны түрлі түсті металл қабылдайтын орындарға өткізумен айналысқан бір отбасының екі азаматы анықталды. Күдіктілерден бір ай ішінде 3 тоннаға жуық кәріз және арық қақпақтарын тасымалдауы мүмкін автокөлік тәркіленді. Қазіргі уақытта ұсталғандар 120 қақпақты ұрлады деп күдікке ілінді. Күдіктілердің үйінен табылған және тәркіленген 42 шойын қақпақ қылмыстық өндіріс материалына айғақзат ретінде тіркелді»,- делінген аталған ведомство таратқан хабарламада.
Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар, полицейлер күдіктілердің ұрланған қақпақтарды бөлшектеп өткізген метал қабылдау орнын анықтады. Оның иесі де ұрланған мүлікті сатып алғаны үшін жауапкершілікке тартылады.