Алматы облысында қарулы қарақшылар ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Іле ауданында тәртіп сақшылары бір топ қарақшыны қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іле аудандық ІІБ қызметкерлері 3 адамнан тұратын қылмыстық топты қылмыс үстінде ұстады. Олар түннің бір уағында Чапаев ауылындағы кәсіпкердің үйіне баса көктеп кірмек болады. Алайда отбасы дер кезінде 102 номеріне хабарласып үлгерген. Оқиға орнына дереу арнайы топ жіберіледі. Бірақ ауылдың учаскелік полиция қызметкері, капитан Марат Жұмаділов оқиға орнына бірінші жетеді. Тәртіп сақшысын көрсе салған күдіктілер қашуға ұмтылады. Учаскелік полицей бірін қолға түсіріп, іле-шала келген әріптестеріне тапсырды. Бірнеше сағаттан кейін қалған екеуі анықталып, тұтқындалады. Олардан ПМ тапаншасына ұқсас пневматикалық қару және ойыншық тапанша тәркіленді. Күдіктілердің бірі кәмелет жасқа толмаған. Тергеу барысында бұл топтың қазан айында жасалған тағы бір қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды. Ол кезде олар Талғар ауданы Тұздысай ауылында 55 жастағы әйелді ұрып-соғып, жалпы сомасы 8 млн теңге болатын ақша мен зергерлік бұйымдарын тартып алған.

Қазіргі таңда күдіктілердің екеуі қамауға алынды. Ал үшінші күдіктінің жасы 18-ге толмағаны ескеріліп, ешқайда шықпау туралы қолхат алынып үйіне жіберілді. Қазір қарақшылық дерегі бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Сондай-ақ күдіктілердің Іле ауданында бірнеше ұрлыққа қатысы бар екендігін де полицейлер дәлелдеп отыр.