Алматы облысында кәсіпкер 7 адамға демеушілік жасады

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында кәсіпкер 7 адамға демеушілік жасады. Көмекке мұқтаж болған жандардың барлығы «Даму-Көмек» бағдарламасы арқылы жүгінген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер Асхат Талғарбаев, Айгүл Ақжаркенова, Александр Закорецкий, Тахир Тыливалдиев, Мираш Саиндильдина және Галина Муравьева қорға көмек сұрап, өтініш берген. «Даму» Қоры өз тарапынан кәсіпкерлердің алға қойған мақсаттарына жетуге көмектесті.

«Мен 3 топтағы мүгедекпін және саңыраулар қоғамының мүшесімін. Александр Закорецкий екеуміз аяқ-киімге арналған тігін машинасын сұрағанбыз. Себебі біз осы кәсіппен жан бағып отырмыз. Бүгін бізге жаңа тігін машинасын сыйлады. Демеуші мен «Даму» қорына ризамыз, алғысымыз шексіз»,-дейді Асхат Талғарбаев.


Ал заңдық тұрғыдан тұрғындарға қызметін ұсынып жүрген Ақжаркенова Айгүлге сапалы компьютер керек болған. Оған компьютермен қоса, қажетті құралдарды да алып берген.

Демеушілік көмек көрсеткен кәсіпкер атын жарияламауды сұрады.

«Біздің мақсат жарнама емес, мұқтаж азаматтарға қөмек көрсету»,-деді компания басшысы.

Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын берген азамат «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының қатысушысы.