Алматы облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ұлысаралық қатынастар саласындағы жетекші журналистер мен сарапшылар клубы құрылды

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Бүгін Талдықорған қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ұлысаралық қатынастар саласындағы жетекші журналистер мен сарапшылар клубы құрылды.

Клубқа республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының жетекші журналистері мен этномәдени орталықтардың кейбір төрағалары кірді.

Клуб төрағасы Атсалим Идигов хабарлағандай, клубтың негізгі міндеті - тағаттылықты нығайту, мемлекетте ұлысаралық және конфессияаралық келісімді, азаматтық бірлікті, патриотизм мен рухани-мәдени тұтастықты сақтауға ықпал жасау. Сонымен қатар, журналистік этиканың қағидаларын қатаң ұстану, дамыту және енгізу, сондай-ақ ұлысаралық және конфессияаралық қатынастар тақырыбын БАҚ бетінде насихаттауда журналистік қоғамдастықтың жауапкершілігін қалыптастыру.

Өз жұмысының алғашқы күнінде клуб өз төрағасы мен хатшысын сайлап, 2011 жылдың алдағы екі тоқсанына арналған жұмыс жоспарын белгіледі.