Биыл «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында І орынды «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС (Панфилов ауданы) иеленді. ІІ орынды «Полимерметалл» ЖШС (Қапшағай қаласы) алды, ал үшінші орын «Plast Invest Production» ЖШС-на (Жамбыл ауданы) бұйырды.
«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында «Лепсинск өнімдері» ЖШС (Алакөл) бірінші орын иегері атанды. ІІ орынды «Шин Лайн» ЖШС (Іле ауданы), ІІІ орынды «Apple world» ЖШС (Еңбекшіқазақ ауданы) жеңіп алды.
«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында І орын иегері ретінде «Абди Ибрахим глобал фарм» ЖШС танылды. Құрметті ІІ орынды «Сұңқар Алматы құс фабрикасы» ЖШС, ІІІ орынды «GLASMAN» ЖШС (Талғар ауданы) алды.
Биыл байқауға «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» жаңа аталымы енгізілді. Аталмыш номинацияда І орынды «Жемжучина Семиречья» ЖШС (Талдықорған қ.) иеленді. ІІ орынды «Ирада балық» ЖШС, ІІІ орынды «Ахмеджанова» ЖК «INTELLECity» білімді дамыту орталығы алды.
«Мемлекет басшысы біздің кәсіпкерлердің алдында өнімнің сапасын арттыру, оның халықаралық стандарттарға сәйкес болуы бағытында жаңа міндеттер қойды. Бұл өз кезегінде қазіргі қызу бәсеке кезінде табыс кепіліне айналды. Сондықтан, мен отандық тауар өндірушілерімізге алғыс білдіремін. Сіздердің арқаларыңызда жаңа кәсіпорындар ашылуда, жаңа өнім түрлері шығарылуда, жаңа жұмыс орындары пайда болуда. Осының барлығы тұрақтылықтың шарты, аймақ экономикасының дамуына жаңа серпін беріп отыр», - деді Амандық Баталов.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева құттықтап, кәсіпкерліктің аймақ дамуында ерекше орын алатынын айтты.
«Бүгін барлықтарыңызды жеңімпаз деп айтуға болады. Себебі, осыған дейін Сіздер идея тауып, оны іске асыру үшін тынымсыз еңбектендіңіздер. Үнемі алаңдау мен қобалжу болды. Бүгін бұл идеяларыңыз дайын өнімге айналды, оны біз тұтынамыз, киіп, пайдаланып жүрміз. Осының өзі үлкен жеңіс! Елбасы «Made In Kazakhstan» брендін белсенді дамытуды тапсырды. Менің ойымша, бұл санатта Жетісу өнімдерінің шоқтығы биік болады», - деп атап өтті облыстық палата басшысы.
Енді бірінші орын иегерлері «Қазақстанның үздік тауары» байқауының республикалық кезеңіне қатысатын болады.
Атап өтсек, Алматы облысында 700-ден астам өнеркәсіп орындары бар, оларда 30 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған. 2016 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 650 млрд. теңгеге жетіп, соңғы 5 жыл ішінде 1,5 есеге артқан. Трансұлттық компаниялардың қатысуымен 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. 40-тан астам өнеркәсіп орны экспорттаушы болса, олардың өнімдері әлемнің 42 еліне тасымалданады.