2015 жылдың 17 қарашасында Іле ауданының Түймебаев ауылында 1976 жылы туған Ресей азаматшасы Е.Шестопалованың мәйіті табылған. Тергеу барысында оның денесінен қинау мен зорлық белгілері анықталды.
«Жедел іс-шаралар барысында криминалды полиция қызметкерлері қылмысты жасаған күдіктіні анықтаған болатын. Ол бұған дейін Көксу ауданының Мәмбет ауылында тұрып келген, 1964 жылы туған Жанболат Жарқымбаев болып шықты. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің «Кісі өлтіру» бабы бойынша тергеу амалдары жалғасуда, күдікті іздестірілуде», - делінген облыстық ІІД таратқан баспасөз баянында.
Іздеу жарияланған күдіктінің ерекше белгісінің бірі оның сол қолының шынашақ саусағы жоқ болса, оң қолының екі саусағы бүгілмейді.
«Қылмыс жасады деп күдік келтірілген азамат фермер қожалықтарында бақташы болып мал бағуы, не болмаса құрылыс алаңдарында әртүрлі жұмыстармен айналысуы мүмкін. Күдікті туралы ақпарат білетін азаматтардың 102 телефонына дереу хабарласуын сұраймыз», делінген баспасөз баянында.