Алматы облысында көлік апатынан қаза табатындар саны 20,9%-ға қысқарды

Фото: None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында жол-көлік оқиғаларының саны 4% -ға төмендеді. Ал көлік апатынан қаза табатындар саны 20,9%-ға қысқарды. Бұл жөнінде облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Марат Күштібаев тұрғындар алдында есеп беру барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзінің баяндамасында полиция полковнигі М.Күштібаев жалпы қылмыс санының азайғанын алға тартты. Мәселен, тонау - 12%, ұрлық - 24,8% және бұзақылық - 29% төмендеген.

 

Полиция қызметкерлерінің мәлімдемесі бойынша құқық қорғаушылар жолдағы тәртіпке басты назар аударуда. Мәселен, жол-патрульдік полиция қызметкерлері «Крис-П» қозғалмалы фоторадарлы кешенді қолдануда. Олардың көмегімен осы жылдың 11 айының ішінде 83 123 жол ережелерін бұзу фактісі анықталған.

 

Халық алдындағы есепті М. Күштібаев онлайн режимінде өткізді. Облыстың барлық аудандары мен қалаларының тұрғындары бейнебайланыс арқылы өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Жергілікті жұртшылық мал және жеке мүлік ұрлау, үй тонау, қоғамдық полиция көмекшілерінің қатарына және ішкі істер органдарына қызметке орналасу сынды көптеген мәселелерді көтерді.