Алматы облысында «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде пәтерге онлайн өтінім беру басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін сағат 10:00-де «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының www.fnsk.kz сайтында «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында пәтер алуға өтінім беру басталды.

«Бүгін Алматы облысы, Қарасай ауданындағы «Асыл Арман» тұрғын кешеніндегі 1600 пәтерге онлайн режимде өтінім қабылдау басталды. Оған ЭСҚ (электронды сандық қолтаңба) арқылы www.fiisk.kz сайтына тіркелген тұтынушылар қатыса алады. Жалдап алу арқылы сатылымға шығарылып отырған 1609 пәтер Алматы облыстық әкімдігінде кезекте тұрған азаматтардан артылып, өзімізге қайтарылған баспаналар. Олардың 91-і белгіленген баға бойынша, яғни 1 шаршы метрі 180 мың теңгемен тура сатылымға шығарылады. Ал қалғандары онлайн өтінімдер арқылы Қарасай ауданында баспанасы жоқ, төлеу мүмкіндігі расталған тұлғаларға сатып алу мүмкіндігімен жалға беріледі», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Әділбек Көшеров ҚазАқпарат тілшісіне онлайн өтінім қабылдау барысында.

Оның айтуынша, бұл шара кезекке тұру кезіндегі адам факторын азайту үшін қолданылып отыр. Өтінімдер келіп түскен уақыты бойынша тіркеліп, өтініш берушілердің кезегі сол арқылы автоматты түрде реттеледі. «Асыл Арман» ТК бойынша өтінім қабылдау уақыты 14 қазанда сағат 10:00-де аяқталады.

Айта кетейік, бүгінде www.fnsk.kz сайтына 5 мыңнан астам адам тіркелген. Өтінім қабылдау басталған 30 минут ішінде порталға 727 өтінім келіп түсті.

«Бұл өте жақсы көрсеткіш. Алдағы екі аптаның ішінде үлгеріп өтінім берген адамдарда аталған тұрғын кешеніндегі 5 типті пәтерлердің бірін алуға мүмкіндік туады. Әрине, өтінім берген адамдар 14 қазаннан бастап Алматы облысындағы біздің бөлімшелерге құжаттарын тапсыру керек. Комиссия сол құжаттарды қарап шыққаннан кейін, барлық құжаттар дұрыс болса, онлайн өтінім берген азаматтар баспаналы болады», - деп атап өтті Ә. Көшеров.

Айта кетейік, 12 қазанда Ақтөбедегі «Юнис Сити» тұрғын кешені бойынша да онлайн өтінімдер қабылдау басталады.