Алматы облысында коронавирустан 70 жастағы қарт жазылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облыстық көпсалалы балалар ауруханасының инфекциялық бөлімінен 70 жастағы әйел Балаған Бекзатхан короновирус инфекциясынан толық жазылып, үйіне шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Науқас стационарға 23 мамырда жеткізілген. 8 бала тәрбилеп өсірген ана Ескелді ауданының тұрғыны.

Аталған аурухананың бас дәрігері Досқалиев Марат Қанатұлы пациенттің ауыр жағдайда түскенін айтты.

«Пациент ауруханаға ауыр жағдайда түсті. Бірден интенсивті терапия палатасына жатқызылды. Науқасты емдеу тәсіліне қатысты елордадағы реаниматолог-дәрігерлермен үнемі кеңесіп отырдық. Өйткені коронавирус инфекциясы егде жастағы адамдардың ағзасындағы басқа да созылмалы ауруларды қоздырады. Сондықтан реаниматолог-дәрігерлер 24 сағат бойы науқасты қатаң бақылауда ұстады. Дәрігерлердің 16 күн бойына үздіксіз ем жүргізуінің арқасында толық емделіп шықты», - деді бас дәрігер.

Коронавирус инфекциясынан айыққан қарт ана дәрігерлерге шексіз алғысын білдірді.