Алматы облысында мәдениет, спорт және туризм саласында жетістіктер көп - министр

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат- Талдықорғанға Елбасы Жолдауын түсіндіру үшін ҚР Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы келді.

Министрдің айтуынша, Президенттің 5-ші қазандағы халыққа арнаған Жолдауындағы мақсат-міндеттердің басым бөлігі Алматы облысымен тікелей байланысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанат сарайында өңірдің мәдениет және спорт саласы қызметкерлерімен кездескен министр Президенттың бұл жолғы Жолдауы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыталғанын ерекше атап өтті. Жалақының өсуі, мұғалім мәртебесінің артуы, өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері тікелей ел тұрғындарына бағытталып отыр, деген Арыстанбек Мұхамедиұлы Алматы облысында өз саласы бойынша атқарылып жатқан игі жұмыстарға тоқталды.

«Өңірдің мәдениет, спорт және туризм саласында жетістіктер көп. Әр азамат өзінің жұмысын ерекше бір ынтамен істеп жатса, әрине ол Алматы облысынан ерекше көрініп жатады. Оны мысалы туризм саласынан аңғаруға болады. Биыл Елбасының Алакөлге барып, айдынды көл Қазақстанның інжу маржанына айналуы керек деген үндеу айтты. Нәтижесінде туризм саласы жанданып келеді, Алакөлге 1 миллионнан астам турист келді. Жақын арада қазақ драма театры ашылайын деп жатыр. Мұндай жағдайды біз мақтанышпен айтуымыз керек. Спорт саласында да халықаралық жарыстарда топ жарып жатқан спортшылар, талантты жастар көп. Сол жағынан біз тек қана алғысымызды білдіруіміз керек», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.