Алматы облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қаңтар айының басында болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде «Молл Апорт» дүкенінен ұялы телефондар ұрлады деген күдікпен 3 ер адамды ұстады.
«Шұғыл-іздестіру шараларының барысында Алматы облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасының полицейлері біздің өңірдің тумалары болып табылатын 21 жастағы 3 күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта 32 жастағы зардап шегуші 16 дана ұялы телефоны ұрланғанын мәлім етуде.
Ұсталған тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс жүргізу басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жариялануға жатпайды», - деді Криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Данияр.