Алматы облысында майлы дақыл өңдейтін зауыт ашылды
Майлы дақылдардың барлық түрлерін өңдейтін зауыттың жалпы құны 450 млн. теңге, оның ішінде 130 млн. теңгесі «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылған. Жобаның жалпы қуаттылығы тәулігіне 40 тонна майлы дақылдарды өңдейді.
Облыс әкімі А. Баталов: «Елімізде өсірілетін сояның 95 пайызы Алматы облысында өседі. Өңірімізде соя өңдейтін төрт зауыт бар. Бұл - бесіншісі. Елбасы елді мекендерде аса ауқымды болмаса да осындай 30-50 адамды жұмыс орнымен қамтитын шағын зауыттарды іске қосу қажеттігін тапсырған болатын. Сондықтан мұндай кәсіпорындардың санын әлі де көбейтетін боламыз», - деді зауыттың ашылу салтанатында.
Соя өсіретін шаруа қожалықтарының айтуынша, бұған дейін өсірген өнімдерін өткізетін орын табу қиындық тудыратын және өткізген күннің өзінде арзанға кететін. Ал жаңа ашылған бұл зауыт диқандардан өнімді 1 тоннасын 140 мың теңгеден қабылдайды. Бұл шаруалар үшін де аса тиімді болып отыр.
Зауыт технологы Олжас Батырхановтың айтуынша, ауылда май зауыты ашылғаны жергілікті тұрғындарға қолайлы болып отыр.
«Осы зауытта 32 адам тұрақты жұмыс тауып отырмыз. Жалақымыз 100 мың теңге көлемінде. Кәсіпорындар көбейген сайын халықтың да тұрмыс жағдайы жақсара түседі. Сондықтан бұл - біз үшін аса үлкен оқиға», - деді ол.
Осы сапарында облыс басшысы А. Баталов «Агример - Авто» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің соя қабылдау пункті жұмысымен де танысып қайтты.