Алматы облысында мектеп оқушысы 8 жасар қызды педофилден құтқарып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысында мектеп оқушысы 8 жасар қызды педофилден құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Facebook-тің Ислам Кураев есімді пайдаланушысы 14 сәуір күні кешкі алтыда Қонаев атындағы мектептің жоғары сынып оқушысы үлкен қайғының алдын алғаны туралы жазды.

«Ол өз өмірін қатерге тіге отырып, педофилден кішкентай қызды құтқарып қалды. Бұл жігітті халқы білуі тиіс.  Құзырлы органдар оның ерлігі мен батырлығын ескеруі қажет. Бұл заманда адамгершілік жоғалған, көптеген ересек адамдар көмекке шақырған қызды көре тұра, қол ұшын созбаған. Ал бұл жігіт бірден көмекке ұмтылды!», - деп жазды Ислам Кураев.

«Баланы қолынан жетектеген ер адамды көрдім, кішкентай қыз қатты жылап бара жатты. Мені көрген бойда ол ер адамның қолынан сытылып шығып, көпірдің үстімен саяжайлар жаққа қашты. Мен қызды өзіме шақырдым. Ол көмек сұрап жылады. Мен: «Не болды?» - деп сұрадым. Қыз әлгі ер адамның ұрғанын айтты. Мен айғайлап едім, күдікті ер адам қаша жөнелді. Бір рет бұрылып қарады да, қашып кетті. Қыз жылауын тоқтатпай, өзін жалғыз қалдырмауды өтінді. Мен оның сөмкесін алып, үйіне дейін шығарып салдым», - дейді құтқарушы жігіт Тимур Жамалалддинов.

Сонымен бірге, Ислам Кураев жас батырды туған күнімен құттықтауға барғанын жазды. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жарасым» республикалық жастар ұйымы атынан алғыс хат пен белсенді жастар атынан құнды сыйлық тапсырылды.