Алматы облысында Мемлекеттік Рәміздердің 25 жылдығына орай ауқымды акция басталды

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында Мемлекеттік Рәміздердің 25 жылдығына орай ауқымды акция басталды.  Аясында  түрлі байқаулар, автошеру, марафон сынды бас-аяғы 55 шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ауқымды акция Талдықорғанда шымылдығын түріп, «Мемлекеттік рәміздер - елдігіміздің нышаны» атты салтанатты жиын өтті. Оған  ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері және жастар қатысты. Шара аясында Мемлекеттік Рәміздер сахна төріне шығарылып, арнайы патриоттық бейнероликтер көрсетілді, әндер шырқалды. Өскелең ұрпақпен кездескен арда  тұлға Жандарбек Мәлібеков бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.

"Мен өзім Қызылорда облысының тумасымын. Елтаңбаның авторы атанғанда менің жасым 50-де еді. Ол ер жігіттің кемеліне келген жасы. Өзім Ташкентте оқығанмын. Елге деген сүйіспеншілік, елге деген сағыныш әр уақытта сені жетелей береді. Ғылыми, тарихи, мәдени ізденіс көп болды. Қазақтың тарихы тереңде екенін көрсету басты міндетім еді. Біздің Мемлекеттік рәміздеріміз -  көнеден келе жатқан рухымыз. Сондықтан рухымыз жаңғыру үшін, осыны терең түсіну үшін, биік деңгейде алып жүру үшін осындай кездесулердің болғаны дұрыс", - дейді Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков.

Жиында Елтаңбаны Елдігіміздің тұмарына балаған тұлға Жандарбек Мәлібековтің үстіне Алматы облысы әкімінің орынбасары шапан жапты. Биыл Елтаңбаның авторы 75 жасқа толады екен. Ал шара соңында  "Туған жерге туыңды тік" атты марафонның  тұсауы кесілді. Енді  белсенді жастар өңірдің барлық аймағын аралап, көк туымызды  эстафета арқылы бір-біріне табыстайтын болады. Оқушылар сарайының алдында бастау алған шарада Мемлекеттік ту салтанатты жағдайда аралас  жекпе-жектен Азия және Еуразия чемпионы Бейбіт Назаровқа табыс етілді. Марафонға 200 ден астам жас қатысады деп жоспарлануда. Олар 25 мың шақырым жерді жүріп өтпек. Жалпы, Алматы облысында ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған 55 шара 4 маусымға дейін жалғасады.  Ауқымды акция  мақсаты - Рәміздерімізді насихаттау, өскелең ұрпақ бойындағы патриоттық сезімді нығайту, Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру.