Алматы облысында менингококк жұқпасынан үшінші адам көз жұмды

Фото: None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 19 жастағы бойжеткен менингококк жұқпасынан көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш фактіні Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов растады.

«19 жастағы бойжеткен қайтыс болды. Талғар ауданының тумасы, алайда Алматы қаласының маңында коллекторлық компанияда жұмыс жасап жүрген. Барлығы жедел болды, ауруханаға түскен соң небәрі екі сағаттың ішінде көз жұмды. Бұл - облысымызда менингококк жұқпасынан көз жұмған үшінші адам. Зертханалық түрде әлі расталмағанымен, клиникалық қорытындылар дәл осы жұқпаға келеді», - деді мекеме басшысы Е.Сыдыманов.

Еске сала кетейік, алғашқы жағдай сәуірдің соңында болған. Науқастың осы түрінен 22 жастағы жігіт қайтыс болды.

Бір ай өткен соң Талдықорғанда жұқпалы аурулар ауруханасында 3 жасар кішкентай қыз бақилық болды.

Өңірдің дәрігерлері тұрғындар арасында аурудың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстарды күшейтті. 

Соңғы жаңалықтар