Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі 315 жан жұмысқа орналасты

None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі 315 жан жұмысқа орналасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Алматы облысы прокуратурасының басқарма  прокуроры Ермек Сұлтанқұловтың айтуынша, қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандар көптеген қиындықтарға тап болуда. Атап айтқанда, олар мемлекет тарапынан жасалып отырған мүмкіндікті дер кезінде қолдана алмайды. Жұмыспен қамту орталығымен байланыс орнатпайды. Осындай олқылықтарды  жою мақсатында биыл тұңғыш рет  Алматы облысының прокуратурасы «Мүгедектерге жұмыс» жобасын әзірледі.  Аталған жобаның жүзеге асқанына небәрі 3 ай ғана уақыт болды. Нәтижесінде 315 адам жұмысқа орналасты.

Прокуратура өкілдері қазіргі таңда мүгедектерге өз мүмкіндіктері жайлы толыққанды анықтама беруде. Олардың айтуынша, ерекше күтімді қажет ететін жандар өз құқықтары жайлы білмейді. Кесірінен жұмыс таба алмай, тығырыққа тіреледі. Ал заң жүзінде өрескел қателіктердің басым бөлігін жұмыс берушілер жасап жатыр.