Алматы облысында оралмандардың есебінен халық саны өсіп отыр

ТАЛДЫҚОРҒАН. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - 1991 жылдан бастап алыс және жақын шетелдерден Алматы облысына 30 мыңнан астам отбасы немесе 100 мыңнан астам адам көшіп келді. Тек қана былтырдың өзінде облыстың түрлі аймақтарына 4 598 отбасы немесе 12 мың адам қоныс тепті, олардың дені Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстаннан оралған оралмандар.

Облыстық көші-қон басқармасынан хабарлағандай, облыстың бірқатар аудандарында оралмандар отбасынан тұратын тұтас ауылдар да бар. Жергілікті өкіметтер, олар жаңа жағдайға тезірек бейімделіп кетуі үшін, қолдан келген барлық шараны қабылдауда. Бейімделу бағдарламасына құқықтық мәселелер бойынша консультациялар, мемлекеттік тілді және көңілдері қаласа - орыс тілін үйрету, кәсіби дайындау, қайта мамандандыру, білім беру және әлеуметтік қамтамасыз ету шаралары кіреді.

Халық санағы бойынша былтырғы жылдың наурыз айындағы ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның халқы 16,5 миллионды шамалап отыр. Халық өсімінің қомақты үлесін тәуелсіздік жылдары туған еліне оралған оралмандар құрап отырғанын айта кету керек. Атап айтқанда, оралмандардың есебінен қазақстандықтардың саны 700 мың адамға өсіп отыр, деп хабарлады көші-қон басқармасынан.