Алматы облысында өрт қауіпсіздігін бұзған 23 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Алматы облысының тауларында өрт қаупі туындайтын маусымда жүзден астам әскери қызметші кезекшілікке түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті күннің қатты ысуына байланысты тауларда өрт қаупі жоғары болып тұр.

«Өртке қауіпті кезең басталғаннан бері облыстағы мемлекеттік орман қоры аумағындағы құрғақ шөптер мен өсімдіктер 21 рет өртенді. Өртенген аудан 16 418 га, материалдық шығын 19 млн 681 мың теңге, елді мекендерден тыс жерлерде 148 га алаңда құрғақ шөп 99 рет өртенді», - деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.

Алматы облысының Талғар және Қарасай аудандары мен бекеттерінде өрт қауіпі туындаған кезеңде 120 әскери қызметші жауынгерлік кезекшілік атқарады. Олар Іле өзені бойындағы құтқарушылар базасындағы азаматтық қорғаныс 28237 әскери бөлімінің сарбаздары.

«Әскери қызметшілермен орман өртіне әрекет ету және алдын алу іс-шараларын жүргізу бойынша нұсқаулықтар өткізілді. Алматы облысы ТЖД қызметкерлері әскери қызметшілермен бірлесіп күн сайын халықтың демалатын орындарында рейд жүргізеді. Ол үшін азаматтық қорғаныс күштері, жергілікті полиция қызметі, орман мекемелері мен ЖАО-дан 51 адамнан тұратын 10 мобильді топ құрылды», - делінген ТЖД-ның хабарламасында.

Сондай-ақ ведомствоның мәліметінше, өрт қауіпсіздігінің белгіленген ережелерін бұзғаны үшін 23 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, 1 млн 483 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Алматы облысының ТЖД облыс тұрғындарына, туристерге және қонақтарға өрт қаупі бар маусымда өрт қауіпсіздігінің барлық талаптарын сақтауға шақырды.