Алматы облысында Өзбекстаннан келген 70-тен астам гастарбайтер анықталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Панфилов ауданы прокуратурасының қызметкерлері полицейлермен бірге өткізген рейдтік шараның барысында Жаркент қаласының салынып отырған нысандардың бірінде еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырған 73 өзбекстандық азаматты анықтады.

Панфилов ауданының прокуроры Айдын Төребековтың хабарлауынша, шетелдіктердің құжаттарын тексеру кезінде олардың Қазақстан Республикасында еңбек қызметін заңсыз түрде - жұмысқа орналасу рұқсатын алусыз жүзеге асырғаны анықталды.

«Тексеру қорытындылары бойынша біз Панфилов АІІБ бастығының атына заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыныс енгіздік. Кінәлі тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, сот қарауына жіберілді», - деп түсіндірді А.Төребеков.

Жоғарыда аталған азаматтар айыпты деп танылып, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.