«Жастар» спорт сарайында өтетін шоуға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов пен Бақтияр Артаев арнайы келіп, жарысты тамашалайды деп күтілуде. Тіпті көрермендер үшін де тосын сый көп болмақ. Жанкүйерлер арасында Түркия еліне бір жолдама ойнатылады.
Сағат 18.00-де басталатын додада 10 былғары қолғап шебері шаршы алаңға шығып, бақтарын сынайды.
Айта кету керек, «Патриот» реалити-шоуы 19 қараша күні басталды. Алматы облысының әр аймағынан 16 спортшы бақтарын сынап, кіл мықтылары ақтық сынға жолдама алды. Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасы мен өңірлік коммуникация және Жастар альянсының бірлесе ұйымдастырған жобаның бас жүлдесі де қомақты. Жеңімпазға АҚШ-тың Лас Вегас қаласына жолдама беріледі. Нақтырақ айтқанда, жеңімпаз бүкіл әлемдегі ең мықты Фредди Роучтың залында жаттығуға мүмкіндік алады. Ал бұл жарыста 18 бен 22 жастағы жігіттер бақ сынасуда. Қатысушыларға арнайы форма тігілген, әр киімге патриот шоуының логотипі басылған. Реалити-шоуды жас актер, «Жау жүрек мың бала» фильмінің басты рөлінің бірін сомдаған Аян Өтепберген жүргізеді.