Көнеден сыр шертетін суреттерден қол үзіп қаламыз деп алаңдаған ауыл тұрғындарының бірі Қожақан Үдербай. Оның айтуынша, тасқа қашап салынған суреттерді тас өңдейтін кәсіпорындар ойып-опырып, әкетіп жатыр.
Ал жергілікті билік құнды дерекке толы аймақта кәсіпорындар заңды түрде жұмыс істеп жатқанын айтады.
«Сарыбастау ауылдық округіне қарасты сайы өңдеуге берілген жерлер. Сол жақ шеті қиыршық тас зауытына, оң жағында «Татарка лтд» фирмасы істеп жатыр. Суреті бар болғанымен зерттелмегендіктен, қолға алынбағандықтан ешқандай шектеу жоқ. Олар заңды түрде мемлекеттік актісін алып, салығын төлеп, жұмыс істеп жатыр», - дейді Кербұлақ ауданына қарасты Сарыбастау ауылдық округінің әкімі Қайрат Сұлтанбеков.
Талқандалып жатқан тастардың жай-күйі әсіресе әлеуметтік желіде қызу талқыланып, алаңдаушылық білдіргендердің қатары күн санап өсуде. Осындай жазбалардан кейін ғалымдар да іске кіріскен сыңайлы. Мәселен, белгілі журналист Серік Әбікенұлы өзінің желідегі парақшасына көне суреттер жайлы алғашқы қуанышты хабарымен бөліскен.
«Бір жақсы жаңалық! Бір аптадан бері Малайсары ауылы маңындағы Арқарлы қыратындағы петроглифтер туралы жазып едік, бүгін сол жерге профессор А. Марьяшев бастаған топ барып, танысты. Суреттер ерте қола, қола, ерте темір дәуірлерінікі екен! Мына тауларды б.д.д. 2000(!) жыл бұрын адамдар мекен еткен! Облыс, тұтас Қазақстан үшін ғажап жаңалық емес пе?! Шұғыл барған проф. Марьяшевке, Қарабатыр қаған, Ольга Гумироваға рақмет. Әсіресе осы суреттердің жұрнағы қалмайды-ау деп журналистерге, ғалымдарға жол көрсетіп жүрген Қайсар Егізеков, Қожахан аға Удербаевқа мың алғыс!»,- деп жазған. С. Әбікенұлы.
Алматы облыстық мәдениет басқармасының фейсбук желісіндегі ресми парақшасына Ақан Әбдуалиевтің де петроглифтердің мәселесі жөніндегі пікірі жарияланған.
«Орын алған оқиғаға қатысы барлар жазалана ма? Иә. Ең алдымен, ашылғанына он жыл болса да, істі кейінге созып келген «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Алматы облыстық орталығына» шара қолданып, жұмыстарын қатаң бақылауға аламыз. Ал, таңбалы тастарды қопарушыларға жекеше жер болғандықтан, ешкімге де тиіспе дей алмаймыз. Сонда да біздің және ауданның тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бақылауда тұр. Уақыты келіп, мемлекет қорғауына алынғанда, бұл мәселе де өз шешімін табатын болады»,- деген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев.