Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 8 қараша күні сағат 13:20 шамасында болған. «Борт 249» патрульдік полиция жасағы командирінің міндетін атқарушы полиция аға лейтенанты Дархан Танабаев Талғар-Есік-Бәйдібек би жолымен бір бағытта келе жатқан жүк Газеліндегі түтінді байқаған. Полиция қызметкері көлікті дереу тоқтатып, өрт сөндіргішті пайдаланып, тез тұтанып жанып жатқан жалынды ауыздықтаған. Полиция қызметкерлеріне өтіп бара жатқан жүргізушілер де көмек көрсеткен.
Жүк көлігінде Түрген ауылындағы тапсырыс берушіге арналған қағаз, тез тұтанатын қораптар болған екен. Кейінірек өрттің электр сымдарының қысқа тұйықталуынан орын алғаны анықталды. Жүргізуші көлік пен жүктің өртенуін болдырмай, жедел, әрі уақтылы көмек көрсеткен құтқарушыларға алғысын білдірді.