Табиғаты керемет Қоянды сайында Көксу өзенімен өтетін 15 шақырымдық марафонға мемлекеттік қызметкерлер, БАҚ өкілдері, энергетиктер, дизайнерлер, «Жасыл ел» еңбек жасағы, жастар барлығы 15 команда қатысты.
«3-ші жыл қатарынан ұйымдастырылған су фестивалінің басты мақсаты жер жаннаты-Жетісудың әсем табиғатын көпшілікке жария етіп, өңірде туризмнің дамуына оң ықпал ету. Сондай-ақ экстрималды спорт түрлерін насихаттап, бұқараны салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақыру», дейді Алматы облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арқау Шынтаев.
Көксу су фестивалінде рафт су көлігіне отырып алғаш ескек ұстағандар көп болды. Солардың бірі Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Сейсенбав. Ағысы қатты тау өзенінің толқындарымен арпалысып, тамаша әсер алған ол спорттың бұл түріне көңілі ауғанын жасырмады.
Қағазбастылық пен кеңседегі жұмыстан бір сәт жеңілдеген мемлекеттік қызметкерлер өзен ағынымен жарысып, бір серпіліп қалғанын айтты. Жарыс барысында қатысушылар тек рафтпен жүзіп қана қоймай, кедергілерден өтіп, арқанмен тауға көтеріліп, түсті. Сайыс қортындысы бойынша Алматы облысы әкімінің аппараты бірінші орынды иеленсе, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған команда екінші орынға тұрақтады. Ал үшінші орын «ТАТЭК» энергетикалық компания өкілдерінің еншісінде.
Айта кету керек жылдан жылға бұл фестиваль өз ауқымын кеңейтуде. Облыстық туризм басқармасы ұйытқы болған шара келесі жылы да өз жалғасын таппақ.