Алматы облысында сауда орталығында баланы тепкен шетелдік қамауға алынды

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Алматы облысында сауда, ойын-сауық орталықтарының бірінде 4 жасар бүлдіршінді теуіп құлатқан Түркия азаматы екі айға қамауға алынды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу кезеңіне баланы тепкен ер адам екі ай мерзімге қамауға алынды», - деп жазды Бауыржан Әленов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазіргі уақытта сараптама тағайындалып, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

«Іс бойынша тергеу барысы менің қатаң бақылауымда. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабы негізінде жария етуге жатпайды», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Еске салайық, бірер күн бұрын Қарасай ауданындағы сауда, ойын-сауық орталықтарының бірінде ер адам 2019 жылы туған бейтаныс балаға дене жарақатын салған болатын.

К. есімді азаматшаның арызы негізінде дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі (бұзақылық) бойынша аудандық полицияда тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары Түркия Республикасының 25 жастағы азаматын дереу анықтап, полицияға жеткізді.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалғанын айтты. Жазасын мұнда өтегеннен кейін шетелдік ел аумағынан шығарылады.

Кеше Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігі келеңсіз жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Алматыда кішкентай балаға қатысты болған күш көрсету оқиғасын өкінішпен естідік. Зорлық-зомбылықтың ешбір түрін, қалай және кім жасағанына қарамастан қабылдамайтынымызды жеткізе отырып, кішкентай балақай мен оның отбасына тез сауығып кетуін тілейміз», - деп жазды Түркия елшілігі әлеуметтік желіде.