Алматы облысында шағын футбол мен үстел теннисі бойынша өткен жарыста сот орындаушылары бірінші орынды иеленді
11:10, 06 Желтоқсан 2011
ТАЛДЫҚОРҒАН. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Талдықорған қаласының «Жастар» спорт сарайында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған Алматы облысы сот актілерін орындау департаменті қызметкерлерінің арасында жарыс өтті.
Жарыс шағын футбол, үстел теннисі және волейбол сияқты спорттың үш түрінен өтті. Бұл жарысқа 20-дан астам ұжым қатысты.
Алматы облысы сот актілерін орындау департаменті аппаратының қызметкерлері және «Би-Логистикс» АҚ шағын футбол мен үстел теннисінен бірінші орынды иеленді.
Жарыстың қорытындысы бойынша осы аталмыш екі мекеме, атап айтқанда Алматы облысы сот актілерін орындау департаменті аппаратының қызметкерлері және «Би-Логистикс» АҚ жалпыкомандалық бірінші орынға шығып, жеңімпаз атанды.