Алматы облысында шағын қалаларды дамыту бағдарламасына аудан орталықтары да енгізілді
17:03, 04 Қазан 2012
ТАЛДЫҚОРҒАН. 4 қазан. ҚазАқпарат - Алматы қаласының екі шағын қаласын дамыту бағдарламасына қосымша тағы 8 аудан орталығы енгізілді.
«Алғашында оған тек екі қала - Текелі мен Қапшағай кірген. Енді аудандарды кешенді дамыту бағдарламасы Үшарал, Есік, Талғар, Үштөбе, Жаркент, Сарқант, Қаскелең аудан орталықтарын, сондай-ақ инфрақұрылымды жақсарту үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру алып отырған бірқатар ауылдарды дамытуды қарастыруда», - деді Талдықорғанда өткен семинар-кеңестің барысында ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің аймақтық дамыту комитеті төрағасының орынбасары Санат Тұңғышбеков.
Оның айтуынша, 2012 жылы Алматы облысының ауылдарын кешенді дамыту үшін 1,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 23 жоба іске асырылды. 2013 жылға 4,5 млрд. теңге қарастырылған.