Арнайы рейд барысында Ынтымақ ауылының маңындағы аңшылық алқап аумағында қолына түскен азамат Ресей Федерациясының тумасы болып шықты. Ол тиісті рұқсаты жоқ болғанына қарамастан заңсыз аң аулаған.
«Ер адам өзінің мылтығымен 2 сібір елігін заңсыз атып алған. Осылайша жануарлар әлеміне 2 083 500 теңге көлемінде зиян келтірген. Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, ҚР ҚК 337-бабы бойынша тергелді. Барлық заттай дәлелдер тәркіленді. Ұсталғаннан кейін аңшы сот алдында жауап берді. Сот қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтей отырып, аң аулаумен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыра отырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды»,- делінген Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері үнемі аң аулау және балық аулау ережелерін сақтау, браконьерлік фактілерінің алдын алу бойынша рейдтер жүргізеді.
«Бұл іс-шаралар мүдделі ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп өткізіледі. Жыл басынан бері облыста 132 қылмыстық іс қозғалып, 1033 табиғат қорғау заңнамасын бұзу әрекеті анықталды», - деді Алматы облысы ПД Табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы полиция майоры Серік Байғозинов.