30 сәуір күнгі соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус инфекциясы тағы 83 адамнан анықталды. Оның ішінде Алматы облысынан 3 адам тіркелді. Олар Кеген ауданының 63, 49 және 33 жастағы тұрғындары.
«Үш науқастың 2-еуі бұған дейін ауырған сырқатпен байланыста болғандықтан Кеген аудандық орталық ауруханасының провизорлық бөлімінде карантинде болатын. Қазір барлығы Қарасай аудандық орталық аурухананың инфекциялық бөліміне жатқызылады. Олармен байланыста болғандар – 12 адам. Барлығы оқшауландырылып, эпидемиологиялық тексерулер жүргізілуде», - делінген ақпаратта.
Осылайша, бүгінгі күні Кеген ауданында коронавирус жұқтырғандар саны 6 адамға жетті. Осыған орай, Кеген ауылын карантинге жабу туралы ауданның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің арнайы қаулысы шықты.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында Заречный ауылы және Жаркент қаласы карантинге жабылғанын хабарлаған болатынбыз.