Алматы облысында Талғар ауданының тұрғынынан 5 келіден астам гашиш тәркіленді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында Талғар ауданының тұрғынынан 5 келіден астам гашиш тәркіленді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері аудандық полиция қызметкерлерімен бірлесіп, есірткі заттарын сақтау деректерін анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді.

Талғар ауданы Қарабұлақ кентіндегі үй-жайды санкцияланған тінту барысында 43 жастағы жергілікті тұрғыннан сараптама «гашиш» есірткі заты деп таныған өсімдік тектес заты бар 4 пластикалық шөлмек табылып, тәркіленді.

Зерттелген заттың жалпы салмағы 4 кг. 956 грамм. Қызметтік-іздестіру итінің көмегімен тұрғын үйді тінтуді жалғастыру кезінде, сарайдағы газ плитасынан тәртіп сақшылары спецификалық иісті, жасыл түсті зат бар 2 пакетті тауып, тәркіледі.

Аталған зат сарапшылардың қорытындысы бойынша «гашиш» есірткісі болып танылды. Екі пакеттің салмағы 722,40 грамм. Осылайша, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 5 кг. 678,4 граммды құрады.

Аталған дерек ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі «Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бойынша тіркелді. Күдіктіге сотқа дейінгі тергеу кезеңінде күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.