Алматы облысында тас-құм өндіретін кәсіп иелеріне 2 млн теңге айыппұл салынды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында карьерлердің санитарлық-қорғау аймақтарының көлемін бұзған субъектілерге әкімшілік шаралар қолданылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысы бойынша департамент және Еңбекшіқазақ аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары құрылыс тасы мен құм өндірумен айналысатын кейбір кәсіпкерлерге қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізді.

«Тексеру нәтижелері пайдалы қазбаларды өндіру бойынша карьерлердің меншік иелері карьерлерден немесе ұсақтау-сұрыптау жабдықтарынан жақын маңдағы тұрғын үйлерге дейін санитариялық - қорғау аймақтарының (СҚА) мөлшерін елемейтінін көрсетті. Бұл тікелей жақын жерде тұратын халықтың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Департамент және оның аумақтық басқармалары ай сайын елді мекендер аумағында қоршаған ортаға мониторинг жүргізу шеңберінде жерүсті көздерінен, топырақтан, атмосфералық ауадан, шудан, радиациялық фоннан алынған сынамаларға зертханалық зерттеулер жүргізеді. Осылайша, мониторинг барысында Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылдық округінің саяжай аумағында құм-қиыршық тас қоспасын өндіру бойынша карьерлердің жанында орналасқан шу деңгейінің артқаны анықталды»,- делінген Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Осыған байланысты тұрғындар тарапынан түскен шағымға сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

«СҚА мөлшерлерін сақтамау фактілері анықталды. Өйткені карьердің аумағы саяжай учаскелеріне тікелей жақын орналасқан. Бұдан басқа, меншік иелері СҚА шекарасында зертханалық өндірістік бақылауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі талаптарды сақтамағаны, СҚА негіздеу жобаларына, құм-қиыршық тас қоспасын қиыршықтас т. б. сияқты дайын құрылыс материалдарына қайта өңдеуге санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар болмағаны анықталды.

Анықталған санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу нәтижелері бойынша кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 1 779 370 теңге айыппұл салынды. Өндірістік объектілерге санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік істердің материалдары сот органдарына берілді»,- деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.