Алматы облысында телефонын қуаттамақ болған 15 жастағы қыз мерт болды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 15 жастағы оқушы мерт болды. Қайғылы жағдай Жамбыл ауданының Қарғалы ауылындағы үйлердің бірінде болған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқиға 26-қыркүйек күні түнгі сағат 22:00 шамасында болған. Тоқ соғу салдарынан 15 жастағы тұрғын мерт болды. Алдын ала болжам бойынша, қыздың ұялы телефоны қуаттағышта тұрған. Қазір арнайы сараптама тағайындалды»,- делінген Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесінде.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір жыл бұрын Алматы облысында ұялы телефонын жанында ұстап ұйықтаған 9 сынып оқушысы қайтыс болды. Полицияның ақпаратына сәйкес, 14 жастағы қызды қуаттағышта тұрған ұялы телефоннан тоқ соққан.

Сол кезде Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі 9 сынып оқушысының қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалмағаннын жеткізді. Себебі бұл факті оқыс оқиға ретінде тіркелген. Бірақ Қаратал ауданындағы Полиция бөліміндегілер тиісті тексеру жұмыстарын жүргізген болатын.