Алматы облысында тойға келген үш адам пышақ жарақатын алды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында үйлену тойында жанжал шығып, үш жігіт пышақ жарақатын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға Талғар ауданындағы Бесағаш ауылында болған. Жәбірленушілердің біріне пышақ ішіне және өкпесіне тиген. 30 жастағы ер адам бірден Алматы қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Қалған екеуі иықтарына жарақат алған. Үш адамның денсаулығына зақым келтірген қаскөй бірден оқиға орнынан ізін суытқан.

Той қонақтары арасындағы жанжал бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

«Жедел іздестіру шарасы барысында күдікті Алматы қаласында ұсталды. 18 жастағы Алакөл ауданының тұрғыны бұған дейін де осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 106-бабы 1-бөлігі бойынша тергеу жүріп жатыр», - деп мәлім етті аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Күдікті пышақ өзінің сөмкесінде жүргенін айтқан.