Ауылда мал бағатын жер жоқ деген Көксу ауданына қарасты Жамбыл ауылының халқы көрші ауылға мал жаю үшін оны әупірімдеп көлікке тиеп, жіберіп жатыр. Көлік иесі әрбір мал басына 2 мың теңгеден алады. Ауыл халқы үшін бұл қып-қызыл шығын. Тіпті мал алысқа барып жайылса, оған төленетін төлем де көбейеді.
«Жұрттың малдарын тиеп, жайылымға апарамын. Рейсіне 20-25 мыңнан аламын. Ауылдың кісілерінен көп алмаймын. Әйтпесе ол 60-70 шақырымдық жер», - деді Көксу ауданына қарасты Жамбыл ауылының тұрғыны Әжен Ахунжан.
Әкімдіктің мәліметінше, Жамбыл ауылы бойынша 850 бас ірі қара, 2,5 мың қой, 200-ден аса жылқы бар. Ал жайылымдық мың жарым гектарға жуық. «Бірақ мал басының өсуіне байланысты жер жетпей жатыр. Мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз», - дейді олар.