Алматы облысында ҮЕҰ қаржыландыру мерзімі ұзарады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын қаржыландыру мерзімі ұзарады. Бұған дейін қаржы бір жылға берілсе, бұдан былай жобалар үш жылға дейін қаржыландырылады. Бұл өз кезегінде ұзақ мерзімді жобалардың кешенді түрде жүзеге асуына жол ашады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін осы мақсатта Алматы облысының ішкі саясат басқармасы бірнеше  орталықпен ынтымақтастық меморандумға қол қойды. Талдықорғанда өткен ауқымды форумға  80-нен астам үкіметтік емес ұйымның өкілдері қатысты. Бүгінде Алматы облысында 1000-нан астам ҮЕҰ бар болса,   оның тек 388-і ғана белсенді. Қазір өңір бойынша 148 жоба жүзеге асып жатыр. Шара барысында биыл жүзеге асырылған ең үздік әлеуметтік жобалар марапатталып, жеңімпаздардың әрқайсысына 100 мың теңгенің ақшалай сертификаты берілді.

«Олар үшін облыс орталығы Талдықорғанда кеңес беретін консалтинг орталығы ашылды. Оның аясында ұйым мүшелері ағылшын тілін үйренуде. Бұл өз кезегінде ҮЕҰ-ның халықаралық гранттарға қатысуына үлкен мүмкіндік береді», - дейді облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев.

Айта кету керек, Алматы облысында үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.