Спорттағы жоғары көрсеткіштері үшін пауэрлифтингтен Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаеваға облыс әкімі Амандық Баталов екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Олимпиада ойындарында зілтемір көтеруден қола жүлдеге ие болған Карина Горичеваға 1 бөлмелі пәтер берілді. Ауыратлетшінің осы күндері Тайбэйде өтіп жатқан жазғы Универсиада ойындарында ел намысын қорғап жатқандығын ескере келе, жаңа пәтердің кілті спортшының анасы Елена Горичеваға табысталды. Сондай-ақ өңір басшысы облысымызда спорт нысандарын салу, материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету және күрделі жөндеу жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқандығын атай келе, жақын аралықта Талдықорғанда 3 ірі спорттық нысанның бой көтеретіндігін тілге тиек етті. Олар: жүзу жолағы 50 метр болатын жүзу бассейні мен суға секіруге арналған 10 метрлік тұғыры бар кешен, жабық жеңіл атлетика манежі және Қапшағай мен Талдықорған қалаларының аралығында салынатын велотрек.Айта кетейік, Алматы облысында ағымдағы жылдың өзінде халықаралық дәрежедегі 12 спорт шебері, 78 спорт шебері, 471 спорт шеберлігіне үміткер және 233 бірінші санатты спортшылар тәрбиеленіп шықты. Алдыңғы қатарлы 72 спортшы мен 21 мүмкіндігі шектеулі спортшыларымызға ай сайын арнайы стипендия қарастырылған. Талғар ауданында ат спорты және ұлттық спорт түрлерінен және Талдықорған қаласында шахмат пен үстел ойындары түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектептері ашылды.
18:33, 23 Тамыз 2017
Алматы облысында үздік спортшыларға пәтер берілді
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорғанда спорт күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шара барысында спорт саласының үздіктері, ардагерлері мен қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, алғыс хаттармен марапатталды. Өңір басшысы Амандық Баталов Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада және Паралимпиада жүлдегерлері Карина Горичева мен Раушан Қойшыбаеваға пәтер кілттерін табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.