Алматы облысында заңсыз ішімдік өнімдері әзірленіп келген астыртын цех әшкереленді

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысында заңсыз ішімдік өнімдері әзірленіп келген астыртын цех әшкереленді. Бұл туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметінің бас маманы Жақсылық Мырзахан хабарлады.

«Іле ауданында жүргізілген рейд нәтижесінде 21 жастағы Қазақстан азаматының көлігі тоқтатылған болатын. Тексеру барысында оның автокөлігінде 130 бөтелке спирттік өнім, оның ішінде коньяк, арақ, виски табылған. Құзырлы органдар бұл өнімдердің қолдан жасалғанын анықтады. Құзырлы органдар тексере келе жалған спирттік өнім жасайтын астыртын цехты әшкереледі», - деді Ж. Мырзахан.

Тінту барысында 5496 жалған акциздік марка, 600-ге жуық бос бөтелке, 30 және 60 литрлік үлкен ыдыс және спирттік өнімдер тәркіленді.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 233-бабының 2-бөлігі (Акцизделетін тауарларды акциздік маркалармен және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртібі мен қағидаларын бұзу, акциздік маркаларды және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларын қолдан жасау және пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу іс-әрекеттері басталды.

Айта кету керек, жыл басынан бері осыған ұқсас 33 оқиға тіркелген.

Заңсыз айналымнан 396 000 бөтелке, оның ішінде 24 175 жалған акциздік марка жапсырылған сатуға дайын спирттік өнім, 7 рулон жалған акциздік марка және 50 литрдан аса спирт тәркіленген.

Сонымен қатар, 3 астыртын цех және лицензиясыз қызмет етіп келген 2 зауыттың жұмысы тоқтады. Соттың үкімімен 6 адам кінәлі деп танылып, олар 500 айлық есептік көрсеткіштен 150 АЕК дейін айыппұл төлеген.

«Осыған орай, Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі жалған спирттік өнімдерді сату оны нарыққа енгізу айғақтарын көрген жағдайда аймақтардағы Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметіне хабарласуларыңызды сұраймыз», - деді Жақсылық Мырзахан.

Соңғы жаңалықтар