Алматы облысында заттарды тегін тарататын дүкен ашылды

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының Ақсу ауданында «Бәрі де рахмет үшін!» дүкені ашылды. Бұл облыс бойынша іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен ашылған үшінші әлеуметтік дүкен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақсу ауданының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Бағлан Нарышеваның сөзінше, дүкен ашылғалы бір ай ішінде 50-ден астам отбасыға көмек көрсетілген. Әлеуметтік дүкен жергілікті «Қазпошта» филиалымен бір ғимаратта орналасқан. Аудандық Кәсіпкерлер палатасы және Ақсу ауданы әкімдігінің қолдауымен арнайы бөлме берілген.

«Дүкенге балалар мен үлкендерге арналған киімдерді, аяқ-киімдерді, мүгедектерге арналған арбаларды, тұрмыстық заттарды, азық-түліктерді жинадық. Мүмкіндігі шектеулі екі адамға арба берілді. Мысалы, көпбалалы отбасыларға қажетінше 20-30 түрлі заттар таратылды. Қазіргі таңда біз бұл игі іске шаруа қожалықтарын, қызмет көрсету саласындағы бизнес өкілдерін қатысуға шақырып отырмыз», - дейді Бағлан Нарышева.

Ал, ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Светлана Григорьева игі бастаманың нәтижесінде балаларын мектепке дайындағанын жеткізді.

«Біз осындай «қайырымды» дүкен ашылғанына қуаныштымыз. Уақтылы түрде берілген маңызды көмек болды. Аталмыш әлеуметтік дүкендер ауылды жерлерде көптеп ашылса деген тілегіміз бар», - дейді С.Григорьева.

Өз кезегінде Алматы облысының Іскер әйелдерінің кеңесі «Бәрі де рахмет үшін!» әлеуметтік дүкенін Қапшағай қаласында және Қаратал ауданында ашуды жоспарлап отыр.