Алматы облысының екі ауданында 2019-2021 жылдар аралығында бюджетке 34,1 млн теңге сомасында мемлекеттік баж түспеген. Мемлекеттік баж салығын төлеуден жалтару фактілері салық қызметі органдарының тексеру актілерімен расталған.
«Анықталған фактілер көші-қон қызметі қызметкерлерінің «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ қызметкерлерімен, сондай-ақ мемлекеттік қызмет алу кезінде өзге де тұлғалармен сыбайлас жемқорлық схемалары мен алаяқтық әрекеттерінің бар екенін көрсетеді»,- делінген Алматы облысының сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің хабарламасында.