Алматы облысында жоғары оқу орындарының жалпы білім беретін мектептерге қамқорлығы мәселесі талқыланды

None
ЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оқыған Қарасай батыр атындағы мектеп-гимназия, Абай атындағы мектеп және Шамалған ауылындағы мектеп-гимназия ұжымдарымен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Кездесудің негізгі мақсаты - Елбасының тапсырмаларына сәйкес республика жоғарғы оқу орындарының жалпы білім беретін мектептерге қамқорлығы аясындағы мәселелердің бағыт-бағдарын айқындау.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан бірнеше жобалар мен бағдарламаларды, мәселен «100 мектеп, 100 аурухана», Президенттің «Болашақ» халықаралық стипендиясы, дарынды балаларға арналған «Дарын» оқу жүйесі, Назарбаевтың интеллектуалды мектептері, «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы тәрізді басқа да жобаларды атап айтсақ болады, - деді министр. - Ал Президентіміз күнделікті жұмыс барысында қаншама игі істер атқарып жатыр. Тек соңғы жылдардың өзінде ғана Елбасының бастамасымен халықаралық деңгейдегі бірнеше ұлттық зертханалар жабдықталды, посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ Назарбаев университеті ашылды».

Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі мен экономикасының тұрақты дамуы жолындағы Елбасының ерен еңбегі туралы оның жерлестері - қарапайым диқандар мен малшылар, ауыл мұғалімдері мен дәрігерлері де мақтанышпен атап айтты.

Ж.Түймебаевтың Абай атындағы ҚазҰПУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті тәрізді іргелі жоғары оқу орындарының кезінде Елбасы оқыған мектептерді қамқорлыққа алғаны туралы сөздерін ауыл тұрғындары айрықша қуанышпен қабылдап, қошемет көрсетті.

Мектептерге қамқорлық жасауда университеттердің профессорлары мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетеді, студенттер қазақстандық патриотизмді, салауатты өмір салты мен жастарды рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеу бағытында бірлескен іс-шаралар ұйымдастыратын болады деген сөз.

Аталған жоғары оқу орындары сонымен қатар әр мектепке бір-бір компьютер сыныбын және тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан мектеп бітірушілер үшін 10 оқу грантын бөліп отыр.

ҚР Білім және ғылым министрі Жоғары оқу орындарының ректорлары мен Қазақстан колледждері директорлары кеңестерінің шешімімен жоғары оқу орындары мен колледждеріне берілетін мемлекеттік гранттарға қосымша әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан мектеп бітірушілерге, оралмандарға және шетелдерде тұратын қандастарымызға арнап 1000 грант тағайындалғанын хабарлады.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тәрбиелік мәні жоғары бірқатар жалпыұлттық шаралар жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Астана күні республиканың барлық аймақтарында бір мезгілде барша бүлдіршіндерге арналған «Мерекелік отшашу» акциясы және «Астанаға гүл шоқтарын тарту етеміз» атты республикалық шара ұйымдастырылып отыр.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі жоғарыда аталған мектептердің үздік оқытушыларын Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапаттап, Тұңғыш Президенттің ұстазы Сейітхан Ахметұлы Исаевқа бағалы сыйлық табыс етті.