Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Қарайсай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желіге мониторинг жасау барысында ер адамның көлік ішінен әуеге оқ атқаны таспалаған бейне материалды байқап қалған. Жедел іздестіру іс-шарасы барысында бұл оқиғаның 23 қазан күні сағат шамамен 17:30-да Қарасай ауданына қарасты Қаскелең қаласының Абылай хан көшесінде болғаны анықталды.
«Полиция қызметкерлерінің іздеу іс-шаралары нәтижесінде әуеге оқ атқан адам анықталды. Ол 25 жастағы Қарасай ауданының тұрғыны болып шықты. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. «Mercedes» маркалы көлік айыппұл тұрағына қойылып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 2 тармағымен әкімшілік хаттама толтырылды. Қазақстанның қолданыстағы заңнамасының нормаларына сәйкес жауапқа тарту үшін кортеждің басқа да қатысушыларын анықтау іс-шаралары жүргізіліп жатыр», - деп атап өтеді ведомстводан.