Оған Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерінің бірқатар бабы бойынша жаза қолданылады. «17 сәуірде түнде «Қаскелең - Шамалған» автожолындағы «Алма-8» блокпсотында тәртіп сақшылары «ЗАЗ ШАНС» көлігін тоқтатқан. Көлік тізгіндеген 27 жастағы Шамалған ауылының тұрғыны полицейлердің тоқтатқанына риза болмай, соққы жұмсаған. Тәртіп сақшысы дене жарақатын алған және қызметтік киімі жыртылған. Бұзақы жүргізушіні жөнге келтірген тәртіп сақшылары оған арнайы құралдарды пайдалануға мәжбүр болды. Тұрғын медициналық мекемеге жеткізілді. Мединицалық сараптаның қорытындысы оның орта дәрежеде мас екенін дәлелдеген», - деді Алматы облысы Қарасай аудандық Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Асхат Данияр.
Айта кетейік, заң бұзушының қолынан Қарасай аудандық ПБ криминалистика бөлімінің бастығы полиция подполковигі Айдос Байғазиев зардап шекті. Подколковник бірқатар дене жарақаттарын алған.
Аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-тармағына сәйкес билік өкiлiне күш қолдану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Сонымен қатар, ұсталған азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабына сәйкес төтенше жағдай жарияланған жерде немесе терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында жасалған, билік өкілінің заңды талабына бағынбау және ҚР ӘҚбК 608-бабы, яғни жүргізушінің көлік құралын масаң күйде басқаруы деректері үшін заң алдында жауап беретін болады.