Алматы облысындағы блокпостта полицейлерге пара ұсынған ер адам ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының тәртіп сақшыларына пара ұсынудың тағы бір дерегі әшкере болды. Ер адам блокпостта қызмет етіп тұрған полицейге 3000 теңге пара ұсынды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күдікті полиция қызметкеріне пара беру арқылы блокпосттан кедергісіз Алматы қаласына өтіп кетуді жоспарлаған. Алдын ала тергеу барысында ұсталған азамат полицейлерге бірнеше рет пара ұсынғаны және тәртіп сақшыларының ескертулеріне мән бермегені анықталды. Осыған орай, полиция қызметкері жедел топты оқиға орнына шақырған»,- деді Алматы облысы ӨҚБ бастығы полиция полковнигі Әсет Карменов.

Тексеру барысында үш мың теңге көлемінде қаржы табылып, тәркіленді. Күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабының 1-тармағына сәйкес пара беру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.