Алматы облысындағы елді мекендердің 87 пайызына ауыз су тартылған

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысындағы 741 елді мекеннің 647-сі орталық сумен жабдықталған. Жыл соңына дейін тағы 17 ауыл сапалы ауызсуға қол жеткізіп, қамту деңгейі 89,6%-ке жетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жолдауды талқылауға арналған жиын барысында бұл республикадағы ең үздік көрсеткіш екенін атап өтті. Сондай-ақ, өңір басшысы жергілікті маңызы бар жолдардың құрылысы мен жөндеуге жыл сайын 30 млрд. теңгеге дейін қаржы бөлінетінін жеткізді.

«Біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Сонымен қатар, Жолдаудың аясында әрбір өңір мен ірі қаланың бәсекеге қабілеттіліктің қолда бар басымдықтарын ескеріп, өзіндік орнықты экономикалық өсу және жұмыспен қамту моделіне сүйеніп, елімізде аумақтық дамытудың жаңа тәсілдерін енгізу көзделуде. Бұл аспектілердің барлығы Өңірлерді 2025 жылға дейін дамытудың жаңа бағдарламасында ескерілетін болады, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыру мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылады», - дей келе Амандық Баталов қарамағындағыларға нақты тапсырма берді.

Осы мәселеге орай облыс әкімінің орынбасарлары Ляззат Тұрлашовқа, Айдарбек Байжановқа елді мекеннің перспективалық даму жоспарларын ескере отырып, қосымша инфрақұрылымдық жобалар тізбесін құруды, сондай-ақ бұл секторға жеке инвесторларды тарту үшін жағдай жасауды тапсырды.

Айта кетейік, 5 қазан күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауын жариялаған болатын.